A- A A+
«Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қағидалары

Жүктеу (DOCX 50 Kb)

"Бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң мiндет атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 4-2/266 бұйрығы.

Ескерту. Қағида жаңа редакцияда — ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 06.05.2020 № 156 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

Бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) "Тұқым шаруашылығы туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi — Тұқым шаруашылығы туралы заң) 6-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына, "Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi — Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау тәртiбiн, сондай-ақ "Бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау" мемлекеттiк қызметiн (бұдан әрi — мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет) көрсету тәртiбiн айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) аттестаттау туралы куәлiк — мемлекеттiң тұқым шаруашылығы саласындағы аттестатталған субъектiлердiң қызметiн тануын айғақтайтын, өз құзыретi шегiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органы берген құжат;

2) бiрегей тұқымдар — ауыл шаруашылығы өсiмдiгi сортының авторы, ол уәкiлдiк берген адам немесе сорттың оригинаторы өсiрiп шығарған және элиталық тұқымдарды өндiруге арналған тұқым;

3) бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдар — элиталық тұқымдардың жылдар бойынша кейiннен көбейтiлуi: бiрiншi жыл — бiрiншi көбейтiлген тұқым, екiншi жыл — екiншi көбейтiлген тұқым, үшiншi жыл — үшiншi көбейтiлген тұқым;

4) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты — мемлекеттiк қызмет көрсету ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызмет көрсету процесiнiң сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ өзге де мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк қызмет көрсетуге қойылатын негiзгi талаптар тiзбесi;

5) өтiнiш берушi (бұдан әрi — өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы)) — аттестаттаудан өту және аттестаттау туралы куәлiк алу үшiн "электрондық үкiмет" веб-порталына (бұдан әрi — портал) өтiнiш берген жеке немесе заңды тұлға;

6) суперэлиталық тұқымдар — тұқым шаруашылығы саласындағы ұлттық стандарттар мен өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сәйкес келетiн және элиталық тұқым өндiруге арналған, көбейту питомнигi түсiмiнен алынатын бiрегей тұқымдарға жататын тұқым;

7) тұқым өндiрушiлер — Тұқым шаруашылығы туралы заңға сәйкес тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;

8) тұқым өсiру шаруашылығы — жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) аттестаттаған, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқымдарды өндiру мен өткiзудi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект;

9) тұқым өткiзушi — жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) аттестаттаған, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi тұқымдарының партияларын өткiзу және (немесе) тұқымдық несие беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

10) элиталық тұқымдар — бiрегей немесе суперэлиталық тұқымнан алынған және Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетiн ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң тұқымдары;

11) элиталық тұқым өсiру шаруашылығы — жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) аттестаттаған, элиталық тұқымдарды өндiру мен өткiзудi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъект;

12) "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрi — оператор) — "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын, бекiтiлiп берiлген "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;

13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрi — ЭЦҚ) — электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiндiгiн растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы.

3. Бiрегей тұқым өндiрушiлердi, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өткiзушiлердi аттестаттауды жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәлiмделген қызмет түрiне сәйкес аттестаттау туралы куәлiк бере отырып жүргiзедi.

4. Бiрегей тұқым өндiрушiлерге, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өткiзушiлерге аттестаттау жүргiзу үшiн жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) қаулысымен құрамы кемiнде бес адамнан (комиссияның төрағасы және төрт мүшесi) тұратын тұрақты жұмыс iстейтiн аттестаттау комиссиясы (бұдан әрi — комиссия) құрылады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) құрылымдық бөлiмшесi комиссияның жұмыс органы (бұдан әрi — жұмыс органы) болып табылады.

5. Аттестаттау туралы куәлiк өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетiлген бiрегей тұқым өндiрушiлерге, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өткiзушiлерге қойылатын талаптарға (бұдан әрi — талаптар) сәйкес келген жағдайда, қызметтiң мәлiмделген түрiне сәйкес берiледi.

6. Тұқым шаруашылығын аттестаттау туралы куәлiк алған және элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға жауап беретiн шаруашылық жүргiзушi субъект элиталық тұқым өсiру шаруашылығын аттестаттау туралы куәлiк алуға үмiткер бола алады.

Бiрегей тұқым өндiрушiлерге қойылатын талаптарға жауап беретiн элиталық тұқым өсiру шаруашылығы бiрегей тұқым өндiрушiнi аттестаттау туралы куәлiк алуға үмiткер бола алады.

2-тарау. Бiрегей тұқым өндiрушiлердi, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау тәртiбi

7. Аттестаттаудан өту және аттестаттау туралы куәлiктi алу үшiн өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) электрондық түрде портал арқылы ЭЦҚ-ның көмегiмен мынадай құжаттарды жолдайды:

1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау (қайта аттестаттау) жүргiзу туралы өтiнiш (бұдан әрi — өтiнiш);

2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес бiрегей тұқым өндiрушiлерге қойылатын талаптарға сәйкестiгi туралы мәлiметтер нысаны;

осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға сәйкестiк туралы мәлiметтер нысаны;

осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес тұқым өсiру шаруашылықтарына қойылатын талаптарға сәйкестiк туралы мәлiметтер нысаны;

осы Қағидаларға 7-қосымшаларға сәйкес тұқым өткiзушiлерге қойылатын талаптарға сәйкестiк туралы мәлiметтер нысаны.

Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi өз бетiнше өтiнiш бередi.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) аумағында шаруашылық жүргiзушi субъектiнiң жер учаскесi және материалдық-техникалық базасы орналасқан жергiлiктi атқарушы органының (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) атына өтiнiш бередi.

Мемлекеттiк қызмет көрсету процесiнiң сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтi көрсету ерекшелiктерiн ескере отырып, өзге де мәлiметтердi қамтитын аттестаттаудан өту және аттестаттау туралы куәлiк алуға арналған негiзгi талаптардың тiзбесi осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес "Бiрегей және элиталық тұқымдар, бiрiншi, екiншi және үшiншi көбейтiлген тұқым өндiрушiлердi, тұқым өткiзушiлердi аттестаттау" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартында баяндалған.

Жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжат туралы, заңды тұлғаны тiркеу (қайта тiркеу) туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) "электрондық үкiмет" шлюзi арқылы тиiстi мемлекеттiк ақпараттық жүйелерден алады.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) барлық қажеттi құжаттарды тапсырған кезде өтiнiштiң қабылданғанын растау ретiнде өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) "жеке кабинетiнде" мемлекеттiк қызметтi көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтi көрсету нәтижесiн алу күнi мен уақыты көрсетiлген хабарлама көрiнедi.

8. Аттестаттау туралы куәлiк немесе мемлекеттiк қызмет көрсетуден уәждi бас тарту өтiнiш тiркелген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнi iшiнде ресiмделедi.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) жұмыс уақыты аяқталғаннан кейiн жүгiнген жағдайда, өтiнiштi қабылдау және мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижесiн беру келесi жұмыс күнi жүзеге асырылады.

9. Жұмыс органы кеңсесiнiң қызметкерi өтiнiштi ол келiп түскен сәттен бастап 30 (отыз) минут iшiнде тiркеудi жүзеге асырады және жауапты орындаушыны тағайындайтын жұмыс органының басшысына жiбередi.

Жұмыс органының жауапты орындаушысы өтiнiш келiп түскен күнi ұсынылған құжаттарды Комиссияның қарауына бередi.

Комиссия өтiнiштi тiркеген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде ұсынылған мәлiметтердiң толықтығын тексередi және жергiлiктi жерге бара отырып, өтiнiш берушiге (көрсетiлетiн қызметтi алушыға) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетiлген талаптарға сәйкестiгi тұрғысынан (өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) өтiнiште көрсеткен қызмет түрiне сәйкес) зерттеп-қарау жүргiзедi.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) мәлiметтердi толық ұсынбаған жағдайда, жұмыс органының жауапты орындаушысы жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) уәкiлеттi тұлғасының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында өтiнiштi одан әрi қараудан уәждi бас тарту дайындайды және оны портал арқылы өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) "жеке кабинетiне" жолдайды.

10. Өтiнiш берушiнi (көрсетiлетiн қызметтi алушыны) зерттеп-қарау нәтижелерi бойынша комиссия 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша бiрегей тұқым өндiрушiлерге, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өсiру шаруашылықтарына, тұқым өткiзушiлерге қойылатын талаптарға сәйкестiкке зерттеп-қарау актiсiн (бұдан әрi — зерттеп-қарау актiсi) екi данада жасайды. Бiр данасы комиссияда қалады, екiншiсi өтiнiш берушiге (көрсетiлетiн қызметтi алушыға) берiледi.

11. Комиссия зерттеп-қарау актiсiнiң негiзiнде 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде аттестаттау туралы куәлiктi беру туралы не аттестаттау туралы куәлiктi беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол хаттамамен ресiмделедi және комиссияның барлық мүшелерi қол қояды.

12. Комиссияның шешiмi негiзiнде 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) "жеке кабинетiне" жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) уәкiлеттi тұлғасының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау туралы куәлiк не мемлекеттiк қызметтi көрсетуден уәждi бас тарту жiберiледi.

13. Мемлекеттiк қызмет көрсету үшiн қажеттi мәлiметтердi қамтитын ақпараттық жүйе iстен шыққан жағдайда, жұмыс органы техникалық iстен шығу пайда болған сәттен бастап дереу бұл туралы операторды хабардар етедi.

Бұл жағдайда оператор техникалық проблема туралы еркiн нысанда хаттама жасайды және оған жұмыс органы қол қояды.

Жұмыс органы Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесiне мемлекеттiк қызмет көрсету сатысы туралы деректердi енгiзудi қамтамасыз етедi.

14. Мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тартуға мыналар негiз болып табылады:

1) өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) аттестаттау жүргiзу үшiн ұсынған құжаттарын және (немесе) олардағы деректердiң (мәлiметтердiң) дұрыс еместiгiнiң анықталуы;

2) өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) және (немесе) аттестаттау жүргiзу үшiн қажеттi ұсынылған материалдардың, объектiлердiң, деректердiң және мәлiметтердiң белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi;

3) өтiнiш берушiге (көрсетiлетiн қызметтi алушыға) қатысты оның аттестаттау жүргiзу қызметiне тыйым салынғаны туралы соттың заңды күшiне енген шешiмiнiң (үкiмiнiң) болуы.

15. Жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) аттестаттау туралы куәлiктi бергеннен кейiн 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестатталған тұқым өндiрушiлер мен өткiзушiлер туралы ақпарат ұсынады.

16. Аттестаттау туралы куәлiктiң қолданысы мынадай жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады:

1) өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) аттестаттау туралы куәлiкте көзделген қызмет түрiнен бас тартуы;

2) жеке тұлғаның қайтыс болуы. Жұмыс органы мүдделi адам ұсынған қайтыс болғаны туралы куәлiктiң негiзiнде аттестаттау туралы куәлiктiң қолданысын мерзiмiнен бұрын тоқтатады;

3) заңды тұлғаның жойылуы.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) жергiлiктi атқарушы органға (көрсетiлетiн қызметтi берушiге) аттестаттау туралы куәлiктiң қолданысын мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы жазбаша хабарлама ұсынады.

3-тарау. Аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеу және бiрегей тұқым өндiрушiлердi, элиталық тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өсiру шаруашылықтарын, тұқым өткiзушiлердi қайта аттестаттауды жүргiзу тәртiбi

17. Атауы, аты, әкесiнiң аты (бар болса), тегi не ұйымдық-құқықтық нысаны өзгерген жағдайда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң сорттары мен дақылдарының сорттарын ауыстыру және толықтыру кезiнде бiрегей тұқым өндiрушi, элиталық тұқым өсiру шаруашылығы, тұқым өсiру шаруашылығы, тұқым өткiзушi аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеу үшiн негiз болған өзгерiстер туындаған сәттен бастап күнтiзбелiк 30 (отыз) портал арқылы электрондық түрде мынадай құжаттарды ЭЦҚ-ның көмегiмен жiбередi:

1) өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанында, осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеу туралы өтiнiш;

2) мемлекеттiк ақпараттық жүйелерде ақпараты қамтылған құжаттарды қоспағанда, аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеу үшiн негiз болған өзгерiстер туралы ақпаратты қамтитын құжаттардың электрондық көшiрмелерi;

3) аттестаттау туралы куәлiктiң электрондық көшiрмесi.

18. Комиссия осы Қағидалардың 17-тармағында көрcетiлген құжаттарды алған сәттен бастап 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексередi және аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеу не қайта ресiмдеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, ол хаттамамен ресiмделедi және оған комиссияның барлық мүшелерi қол қояды.

Осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетiлген құжаттар топтамасын толық ұсынбау аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеуден бас тартуға негiз болып табылады.

19. Комиссияның шешiмi негiзiнде 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) "жеке кабинетiне" жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) уәкiлеттi тұлғасының ЭЦҚ-сы қойылған электрондық құжат нысанында осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта ресiмделген аттестаттау туралы куәлiк не аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеуден уәждi бас тарту жiберiледi.

20. Қайта ресiмделген аттестаттау туралы куәлiкке жаңа тiркеу нөмiрi берiледi.

Қайта ресiмделген аттестаттау туралы куәлiктiң қолданыс мерзiмi бұрын берiлген аттестаттау туралы куәлiктiң қолданыс мерзiмiне тең күйiнде қалады.

21. Аттестаттау туралы куәлiктi қайта ресiмдеуге арналған өтiнiштi қараудың жалпы мерзiмi өтiнiш тiркелген сәттен бастап 4 (төрт) жұмыс күнiн құрайды.

22. Тұқым шаруашылығы субъектiлерiн қайта аттестаттау осы Қағидаларда белгiленген талаптарға сәйкес аттестаттаудың туралы куәлiктiң қолданыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн:

бiрегей тұқым өндiрушiлер үшiн — бес жылда бiр рет;

элиталық тұқым өсiру шаруашылықтары үшiн — үш жылда бiр рет;

тұқым өсiру шаруашылықтары үшiн — үш жылда бiр рет;

тұқым өткiзушiлер үшiн — екi жылда бiр рет өткiзiледi.

23. Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қайта аттестаттауға арналған өтiнiштi бiрегей тұқым өндiрушi, элиталық тұқым өсiру шаруашылығы, тұқым өсiру шаруашылығы, тұқым өткiзушi аттестаттау туралы куәлiктiң қолданыс мерзiмiнiң аяқталуына күнтiзбелiк 30 (отыз) күн қалғанда бередi.

4-тарау. Жергiлiктi атқарушы органдардың (көрсетiлетiн қызметтi берушiлердiң) және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi

24. Мемлекеттiк қызмет көрсету мәселелерi бойынша жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң), комиссияның шешiмiне, әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi), агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) басшысының атына, "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға берiледi.

25. Өтiнiш берушiнiң (көрсетiлетiн қызметтi алушының) шағымын Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес:

жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi), уәкiлеттi орган — тiркелген күнiнен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде;

мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган — тiркелген күнiнен бастап 15 (он бес) жұмыс күнi iшiнде қарауы тиiс.

26. Жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң), уәкiлеттi органның, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның шағымды қарау мерзiмi Заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергiлiктi жерге барып тексеру жүргiзу;

2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда 10 (он) жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге ұзартылады.

Шағымды қарау мерзiмi ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкiлеттiктер берiлген лауазымды адам шағымды қарау мерзiмi ұзартылған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде шағым берген өтiнiш берушiге (көрсетiлетiн қызметтi алушыға) ұзарту себептерiн көрсете отырып, шағымды қарау мерзiмiнiң ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткiзгiште берiлген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берiлген кезде) хабарлайды.

Өтiнiш берушi (көрсетiлетiн қызметтi алушы) мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, көрсетiлетiн қызметтi алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнедi.

Мақаланың шыққан күні: 13.08.2020 15:17
Парақтағы соңғы өзгерістер: 13.08.2020 15:20

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2020 «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (7162) 90-30-01;

agricult@aqmola.gov.kz