A- A A+
«Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қағидалары

Жүктеу (DOCX 65 Kb)

"Еңбек" нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi кейбiр шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2018 жылғы 27 қарашадағы № 477 бұйрығы.

Ескерту. Кiрiспе жаңа редакцияда — ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 13.08.2020 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда микроқаржы ұйымдары және кредиттiк серiктестiктер беретiн кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда микроқаржы ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер беретiн кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидалары (бұдан әрi — Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидалары) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекiтiлген Нәтиже жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамытудың 2017 — 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттiк бағдарламасының (бұдан әрi — "Еңбек" бағдарламасы) екiншi бағыты шеңберiнде, сондай-ақ 2013 жылғы 15 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы "Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" Заңының (бұдан әрi — "Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және микроқаржы ұйымдары/ауылдық жердегi және шағын қалаларда кредиттiк серiктестiктер беретiн кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру тәртiбiн, сондай-ақ "Микрокредиттерге кепiлдiк беру жөнiндегi комиссия" мемлекеттiк қызметтi көрсету тәртiбiн айқындайды.

2. Осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларында мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi — уәкiлеттi орган) — агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;

2) ауыл шаруашылығы кооперативi — ауыл шаруашылығы өнiмiн, акваөсiру (балық өсiру) өнiмiн өндiруде, өңдеуде, өткiзуде, сақтауда, өндiрiс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтауда, кредит беруде, сумен қамтамасыз етуде немесе кооперативтiң мүшелерiне, сондай-ақ кооперативтiң қауымдасқан мүшелерiне басқа да сервистiк қызмет көрсетуде әлеуметтiк-экономикалық қажеттiлiктерiн қанағаттандыру мақсатында бiрлескен өндiрiстiк және (немесе) өзге де шаруашылық қызметтi жүзеге асыру үшiн жеке және (немесе) заңды тұлғаларды ерiктi түрде бiрiктiру жолымен мүшелiк негiзiнде құрылатын өндiрiстiк кооперативтiң ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға;

3) ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi жергiлiктi атқарушы орган (бұдан әрi — ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi)) — ауыл шаруашылы саласындағы функцияларды iске асыратын облыстардың жергiлiктi атқарушы органдардың құрылымдық бөлiмшесi;

4) жеке кабинет — пайдаланушының (микрокредит беру ұйымының, микроқаржы ұйымының, ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң)) веб-порталдағы жеке веб-парақшасы;

5) жеке шот — комиссия алуға арналған өтiнiмдердi тiркеу және олар бойынша операцияларды есепке алу мақсатында тiркелген тұлғаны сәйкестендiруге мүмкiндiк беретiн субсидиялауға арналған өтiнiмдердiң электрондық тiзiлiмiнде қамтылған жазбалардың жиынтығы;

6) жергiлiктi атқарушы орган (бұдан әрi — ЖАО) — облыстың әкiмi басқаратын, өз құзыретi шегiнде тиiстi аумақта жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды және өзiн-өзi басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

7) жұмыс iстеп жүрген кәсiпкер — кредиторға кредит/микрокредит алу үшiн жүгiнген сәтте дара кәсiпкер немесе заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген мерзiмi 3 (үш) жылдан артық кәсiпкер;

8) зәкiрлiк кооперация — шаруа (фермер) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерi бар басқа да үмiткерлердiң ауыл шаруашылығы өнiмiн өсiру және оны кепiлдi өткiзу мақсатында агроөнеркәсiптiк кешеннiң орта және iрi субъектiлерiмен жасаған азаматтық-құқықтық шарттың қолданыс мерзiмiне қарамастан соның негiзiндегi әрiптестiк;

9) шағын қалаларда және ауылдық елдi мекендерде кредит беру/микрокредит беру жөнiндегi шараларға қатысушылар (бұдан әрi — қатысушы) — iсiн жаңа бастаған және жұмыс iстеп жүрген кәсiпкерлер мен зәкiрлiк кооперация қатысушылары;

10) кепiлгер — "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингi" акционерлiк қоғамының кепiлдiктер беруге уәкiлеттi еншiлес ұйымы (бұдан әрi — "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ-ның кепiлдiк беру жөнiндегi ЕҰ-сы);

11)кепiлдiк — кепiлгердiң қарыз алушының мiндеттемелерi бойынша микроқаржы ұйымы/кредиттiк серiктестiк алдындағы iшiнара ынтымақтастық жауапкершiлiгiн растайтын құжат;

12) кепiлдiк беру — кәсiпкерлердiң микроқаржы ұйымы/кредиттiк серiктестiк алдындағы кредит/микрокредит бойынша мiндеттемелерiн негiзгi борыш сомасы шегiндегi iшiнара ынтымақтастық жауапкершiлiк шарттарында орындауын қамтамасыз етуде кепiлгерлiк берудi көздейтiн мемлекеттiк қолдау нысаны;

13) кепiлдiк шарты — кепiлгердiң, кредитордың және қарыз алушының арасында жасалған кепiлдiк беру туралы үшжақты жазбаша келiсiм;

14) комиссия алуға арналған өтiнiм — кредиттер/микрокредиттер бойынша берiлген кепiлдiктер үшiн комиссия төлеуге арналған электрондық өтiнiм;

15) комиссия алуға арналған өтiнiмдердiң электрондық тiзiлiмi

(бұдан әрi — тiзiлiм) — комиссия алуға арналған өтiнiмдер туралы, сондай-ақ қарыз алушылар, кредиторлар туралы мәлiметтер жиынтығы және субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде көрсетiлген өзге де мәлiметтер;

16) көрсетiлетiн қызметтердi жеткiзушi — субсидиялаудың ақпараттық жүйесiне қолжетiмдiлiктi және оны сүйемелдеудi қамтамасыз ететiн, ҚР мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаға сәйкес ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) айқындайтын тұлға;

17) кредит/микрокредит — кредитордың ақылылық, мерзiмдiлiк, қайтарымдылық, қамтамасыз етiлу және мақсатты пайдалану шарттарында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында кредит/микрокредит/ жаңартылмайтын кредиттiк желi беру туралы шарт бойынша қатысушыға беретiн қарыз қаражаты;

18) кредиттiк серiктестiк (бұдан әрi — КС) — қатысушыларын кредиттерге және басқа да қаржылық, оның iшiнде банктiк көрсетiлетiн қызметтерге қажеттiлiктерiн олардың ақшасын жинақтау жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қанағаттандыру үшiн жеке және/немесе заңды тұлғалар құрған заңды тұлға;

19) кредитор — "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлiк қоғамы (бұдан әрi — "АШҚҚҚ" АҚ), микроқаржы ұйымы (бұдан әрi — МҚҰ), кредиттiк серiктестiктер (бұдан әрi — КC);

20) қаржы институттары — банктiк операцияларды жүзеге асыру құқығына лицензиялары бар екiншi деңгейдегi банктер, кредиттiк ұйымдар, сондай-ақ агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы лизингтiк компаниялар мен КС;

21) мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандарты — мемлекеттiк қызмет көрсету ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызмет көрсету процесiнiң сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ өзге де мәлiметтердi қамтитын мемлекеттiк қызмет көрсетуге қойылатын негiзгi талаптар тiзбесi;

22) микрокредит беру ұйымы — "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингi" акционерлiк қоғамының кредит беруге уәкiлеттi еншiлес ұйымы;

23) микроқаржы ұйымы (бұдан әрi — МҚҰ) — коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесi әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiмен және есептiк тiркеуден өтуiмен айқындалатын, кредиттер/микрокредиттер беру қызметiн, сондай-ақ "Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рұқсат етiлген қызметтiң қосымша түрлерiн жүзеге асыратын заңды тұлға;

24) субсидиялаудың ақпараттық жүйесi — субсидиялау процестерiн орындау бойынша қызметтер көрсетуге, комиссия алуға арналған өтiнiмдi тiркеуге, сондай-ақ өтiнiмдi субсидиялау шарттарына сәйкестiгiне автоматты түрде тексеру арқылы оны өңдеуге арналған, "электрондық үкiметтiң" веб-порталымен өзара iс-қимыл жасауға мүмкiндiк беретiн ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетушi персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылған-реттелген жиынтығы;

25) субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнiң веб-порталы (бұдан әрi — веб-портал) — Интернет желiсiне орналастырылған, субсидиялаудың ақпараттық жүйесiне қолжетiмдiлiк беретiн интернет-ресурс;

26) iсiн жаңа бастаған жас кәсiпкер — ауылдық елдi мекендерде, шағын қалаларда, қалаларда және моноқалаларда кредиторға кредит/микрокредит алу үшiн жүгiнген сәтте дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркелген мерзiмi 3 (үш) жылдан кем жиырма тоғыз (қоса алғанда) жасқа дейiнгi дара кәсiпкер;

27) iсiн жаңа бастаған кәсiпкер — кредиторға кредит/микрокредит алу үшiн жүгiнген сәтте дара кәсiпкер немесе заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген мерзiмi үш жылдан аспайтын кәсiпкер;

28) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрi — ЭЦҚ) — цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиiстiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiнiн растайтын, ұлттық куәландырушы орталық берген электрондық цифрлық нышандар жиыны.

2-тарау. Кепiлдiк беру шарттары

3. Кепiлдiк беру үшiн қатысушылардың мынадай өлшемшарттарға сәйкестiгi талап етiледi:

1) МҚҰ/КС арқылы "Еңбек" бағдарламасы шеңберiнде қорландырылатын ауылдық елдi мекендерде (олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда микробизнес ашуға, iсiн жаңа бастаған және жұмыс iстеп тұрған кәсiпкерлердiң қызметiн кеңейтуге, ауыл шаруашылығы кооперативтерiн ашуға және зәкiрлiк кооперацияларға қатысушылардың қызметiн дамытуға берiлетiн кредитке/микрокредитке мақұлдау алу;

2) кредит/микрокредит алуға жүгiнген күннiң алдындағы соңғы есептiлiк күнiне салықтарды төлеу бойынша берешектерiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешектерiнiң жоқтығы (10 (он) айлық есептiк көрсеткiштен (бұдан әрi — АЕК) аспайтын мөлшердегi жалпы берешекке жол берiледi), қаржы институттары алдында мерзiмi өткен берешектерiнiң болмауы;

4. "Еңбек" бағдарламасы шеңберiнде кепiлдендiру қатысушылары шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.

5. "Еңбек" бағдарламасының екiншi бағытының шарттарына сәйкес келген жағдайда, кепiлдiк беруге қатысуға республикалық бюджет, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, Бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, облыс әкiмдiгi және микрокредит беру ұйымы қаражатының есебiнен iске асырылатын бағдарламалар шеңберiнде МҚҰ/КС арқылы мемлекеттiк қаржылай қолдау алатын кәсiпкерлерге жол берiледi.

6. Кепiлдiк беруге:

1) ұйымдар мен кәсiпорындардың үлестерiн, акцияларын сатып алуға бағытталған;

2) мемлекеттiк даму институттары тiкелей берген;

3) осындай жер учаскелерiнiң/ жылжымайтын тұрғын үйдiң нысаналы мақсатын қатысушы кредит/микрокредит беру туралы шарт жасалған күннен бастап бiр жыл iшiнде бизнес мақсаттарға өзгертетiн жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын тұрғын үй, жер учаскелерiн (нысаналы мақсаты кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес) сатып алуға және салуға берiлген;

4) тұтынушылық мақсаттарға берiлген;

5) овердрафт түрiндегi;

6) акцизге жатқызылған өнiмдi өндiруге бағытталған;

7) бұрын алынған қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе өтеуге бағытталған;

8) қатысушылардың жеке және/немесе заңды тұлғалардан, оның iшiнде қатысушылардан, акционерлерден, лауазымды адамдардан және қатысушылардың жұмыскерлерiнен қаржылай көмек алуына байланысты туындаған берешектi өтеуге арналған;

9) делдалдардың көрсететiн қызметтерiне ақы төлеуге арналған;

10) бағалы қағаздарды (портфельдiк инвестицияларды) сатып алуға арналған;

11) үлестес тұлғалардан (байланысты компаниялардан) негiзгi құралдарды, активтердi сатып алуға арналған;

12) оффшорлық аймақтарда тiркелген (ашылған) контрагенттердiң заңды мекенжайы және/немесе банктiк шотының деректемелерi туралы ақпарат қамтылған шарттар (келiсiмшарттар, келiсiмдер) төлемiне берiлетiн кредиттер/микрокредиттер жатпайды.

7. Кепiлдiк ауылдық елдi мекендерде (олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда микробизнес ашуға, жұмыс iстеп тұрған бизнестi кеңейтуге, кооперативтер құруға МҚҰ/КС берген кредиттер/микрокредиттер бойынша берiледi.

8. Кепiлдiк беру жүзеге асырылатын МҚҰ/КС-ның кредиттерi/микрокредиттерi бойынша сыйақының номиналды мөлшерлемесi Қазақстан Республикасы Ұлттық банкi белгiлеген және қатысушының жобасы бойынша МҚҰ/КС шешiм қабылдаған күнге 6 (алты) пайыздық (бұдан әрi — %) тармаққа ұлғайған базалық сыйақы мөлшерлемесiнен жоғары болмайды.

9. Кепiлдiк беруге жататын кредит/микрокредит сомасы 8,0 (сегiз) мың АЕК-ден аспайды.

10. Iсiн жаңа бастаған кәсiпкер/iсiн жаңа бастаған жас кәсiпкер үшiн кепiлдiк мөлшерi кредит/микрокредит сомасының 85 (сексен бес) %-ынан аспайды, ал табысы аз және/немесе көп балалы отбасылардың мүшелерi үшiн кредит/микрокредит сомасының 95 (тоқсан бес) %-ынан аспайды. Кредит/микрокредит сомасының кепiлдiкпен қамтамасыз етiлмеген қалған %-ы қатысушының және/немесе үшiншi тұлғалардың кепiлмен қамтамасыз етуi арқылы берiледi.

11. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында мемлекеттiк тiркелу мерзiмi кредит/микрокредит алу үшiн МҚҰ/КС-ға жүгiнген сәтте 3 (үш) жылдан асқан жұмыс iстеп жүрген кәсiпкерлер мен зәкiрлiк кооперация мүшелерi үшiн кепiлдiк мөлшерi кредит/микрокредит сомасының 50 (елу) %-ынан артық болмайды. Кредит/микрокредит сомасының кепiлдiкпен қамтамасыз етiлмеген қалған %-ы қатысушының және/немесе үшiншi тұлғалардың кепiлмен қамтамасыз етуi арқылы берiледi.

12. Кепiлдiк шығарылған мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн ол кредиттiң/микрокредиттiң қолданылу мерзiмiне берiледi.

13. Кепiлдiк шарты жасалатын кредит/микрокредит қамтамасыз етудi көрсете отырып, кредит / микрокредит беру туралы дербес шарт түрiнде, оның iшiнде кепiлдiк түрiнде ресiмделедi.

14. Ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-дан (көрсетiлетiн қызметтi берушiден) кредиттер/микрокредиттердi кепiлдендiру үшiн комиссия мөлшерi кепiлдiк мөлшерiнiң 30 (отыз) %-ын құрайды және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджетте көзделген қаражат есебiнен және шегiнде төленедi.

15. МҚҰ/КС-ның кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiктер беруi мынадай жағдайларда:

1) кепiлгер төлеген МҚҰ/КС талаптарының шегi кепiлгердiң кепiлдiгiмен қалыптасқан кредит портфелi көлемiнiң (берешек қалдығы) 10 (он) %-нан асқан кезде;

2) кредит беру/микрокредит беру ұйымы МҚҰ/КС-ны қорландыруды тоқтатқанда тоқтатыла тұрады.

16. Кепiлгер iске асырылатын "Еңбек" бағдарламасының жарнамалық науқанын жүргiзедi және өзiнiң ресми интернет-ресурсында "Еңбек" бағдарламасының iске асырылуы туралы ақпарат орналастырады.

17. Кепiлгер мынадай жағдайларда:

1) жүргiзiлген болжамдық қаржылық талдау қорытындылары бойынша жоба экономикалық тұрғыдан орынсыз және тиiмсiз болғанда;

2) жоба "Еңбек" бағдарламасы шарттарына сәйкес келмегенде;

3) қатысушының және/немесе олармен үлестес заңды және/немесе жеке тұлғалардың терiс кредиттiк тарихы болғанда, атап айтқанда үздiксiз 90 (тоқсан) күннен асқан мерзiмi өткен берешек болғанда және/немесе соңғы 36 (отыз алты) айдағы мерзiмi өткен берешектi талап ету құқығы үшiншi адамдарға табысталғанда және/немесе кепiлдiк беруге арналған өтiнiмдi ұсыну күнiне өтелмеген мерзiмi өтiп кеткен берешек бар болғанда;

4) микрокредит беру ұйымы МҚҰ/КС-ны қорландыруды тоқтатқанда кепiлдiк беруден бас тартады.

18. Кепiлдiк iшiнара ынтымақтастық жауапкершiлiк шарттарымен кредит/микрокредит бойынша негiзгi борыш сомасы шегiнде берiледi.

19. Кепiлгердiң шешiмiмен кредит/микрокредит бойынша қамтамасыз ету ретiнде берiлетiн мүлiк сақтандыруға жатады.

3-тарау. Қатысушылардың кепiлдiк беру үшiн өзара iс-қимылы тәртiбi

20. Қатысушы кредит/микрокредит алуға арналған өтiнiшпен МҚҰ/КС-ға жүгiнедi.

21. МҚҰ/КС қатысушының өтiнiшiн қарайды және қатысушының қамтамасыз етуi жеткiлiксiз болған жағдайда, кепiлгердiң кепiлдiгiмен кредит/микрокредит беру мүмкiндiгi (мүмкiн еместiгi) туралы шешiм қабылдайды.

22. Оң шешiм қабылданған жағдайда, МҚҰ/КС кепiлгерге жүгiнедi және мыналарды:

1) осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кепiлдiк сомасын есептей отырып, кредит беру/микрокредит беру мүмкiндiгi туралы оң шешiмi бар хатты;

2) осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес қатысушының сараптамасын жүргiзу үшiн берiлетiн құжаттар тiзбесiнде көрсетiлген қажеттi құжаттарды бередi.

23. Кепiлгер МҚҰ/КС-дан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейiн 14 (он төрт) жұмыс күнi iшiнде алған құжаттарды қарап, кепiлдiк беру (бермеу) туралы шешiм шығарады.

24. Ұсынылған құжаттарға ескертулер болған жағдайда, кепiлгер МҚҰ/КС-ға анықталған ескертулердi және/немесе ақпарат беру туралы сұранымды жолдайды. Бұл ретте кепiлгердiң өтiнiмдi қарау процесi мен мерзiмдерi ескертулер жойылғанға және/немесе сұратылған ақпарат берiлгенге дейiн тоқтатыла тұрады.

25. Өтiнiштi қарау қорытындылары бойынша кепiлгер кредитке/микрокредитке кепiлдiк беру/кепiлдiк беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды және жауабын МҚҰ/КС-ға жолдайды.

26. Кепiлгер сұратылған немесе сұратылған шарттардан бөлек шарттармен кепiлдiк беру туралы шешiм қабылдайды.

27. Кепiлгердiң кепiлдiк беру мүмкiндiгi туралы оң шешiмi болған кезде МҚҰ/КС кепiлгерге қол қойылған кредит/микрокредит беру туралы шарттардың, кепiл(дер) шартының (тарының) көшiрмелерiн жолдайды.

28. МҚҰ/КС-дан кредит/микрокредит беру туралы қол қойылған шарттың көшiрмесi алынғаннан, кепiл ресiмделгеннен кейiн кепiлгер

МҚҰ/КС-ға жолданатын кепiлдiк шартын үш данада ресiмдеп, қол қояды.

29. МҚҰ/КС және қатысушы кепiлдiк шартына қол қояды және қол қойылған шарттың бiр данасын кепiлгерге бередi.

30. Кепiлдiк беру шартын ресiмдеп, қол қою рәсiмi аяқталғаннан кейiн МҚҰ/КС қатысушыға кредит/микрокредит берудi жүзеге асырады.

31. Қатысушыға кепiлдiк беру жөнiнде терiс шешiм қабылданған жағдайда, кепiлгер МҚҰ/КС-ға бас тарту туралы жазбаша уәждi жауабын ұсынады.

32. Қатысушылар кепiлдiк алу үшiн кепiлгерге және кейiннен кредит/микрокредит алу үшiн МҚҰ/КС-ға жүгiнген кезде "Еңбек" бағдарламасын iске асыру мынадай тәртiппен жүзеге асырылады:

1) кепiлгер қатысушыдан осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес толық құжаттар топтамасын алғаннан кейiн 14 (он төрт) жұмыс күнi iшiнде кейiн қатысушының МҚҰ/КС-да кредит/микрокредит алуы мақсатында кепiлдiк беруге алынған құжаттарды қарайды;

2) кепiлгер кепiлдiк беру туралы оң шешiм қабылдаған жағдайда, кепiлгер қатысушыға берiлетiн кепiлдiктiң шарттарын, сондай-ақ оған сәйкес келген жағдайда, "Еңбек" бағдарламасы шеңберiнде кепiлдiк беруге болатын МҚҰ/КС-ның кредит/микрокредит беру шарттарын көрсете отырып, кепiлдiк беру мүмкiндiгi туралы жауап бередi;

3) кепiлгердiң кепiлдiк беру туралы оң шешiмi бар жауап алынған соң қатысушы МҚҰ/КС-ға кепiлдiкпен кредит/микрокредит алу үшiн жүгiнедi;

4) МҚҰ/КС "Еңбек" бағдарламасы шарттарына сәйкес қатысушының өтiнiшiн қарайды, кепiлмен кредит/микрокредит беру мүмкiндiгi туралы шешiм қабылдау үшiн МҚҰ/КС-ның iшкi құжаттарына сәйкес жобаға кешендi сараптама жүргiзедi;

5) МҚҰ/КС:

кепiлгердiң кепiлдiк беру мүмкiндiгi туралы жауабында көрсетiлген шарттарда кредит/микрокредит бойынша оң шешiм қабылдаған жағдайда, МҚҰ/КС кепiлгерге қол қойылған кредит шартын/микрокредит беру шартын/кредиттiк желi ашу туралы шартты және кепiл шартын (-тарын) қоса алғанда, қажеттi құжаттардың көшiрмелерiн жолдайды;

кепiлгердiң кепiлдiк беру мүмкiндiгi туралы жауабында көрсетiлген кепiлдiк және кредит/микрокредит беру шарттарына сәйкес келмейтiн өзге шешiм қабылдаған жағдайда, МҚҰ/КС кепiлгерге қатысушының өтiнiмiн, МҚҰ/КС-ның уәкiлеттi органы шешiмiнiң көшiрмелерiмен қоса қабылданған шешiм туралы хабарламаны мәлiмет және/немесе қайта қарау үшiн жолдайды. Қатысушының өтiнiмiн одан әрi қарау тәртiбi осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларының 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

6) кепiлгер кепiлдiк шартын, кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша, ресiмдейдi және оған қол қояды, оны МҚҰ/КС-ға жолдайды;

7) МҚҰ/КС кепiлдiк шартына қол қояды, оған қатысушының қол қоюын қамтамасыз етедi және қол қойылған кепiлдiк шартын кепiлгерге жолдайды;

8) кепiлдiк шартын ресiмдеу және оған қол қою рәсiмi аяқталғаннан кейiн, МҚҰ/КС қатысушыға кредит/микрокредит берудi жүзеге асырады.

33. Кепiлдiк шарты бойынша ақы төлеудi кепiлгер МҚҰ/КС-ның кредиттi/микрокредиттi қайтару бойынша iс-шаралар жүргiзгенiн растайтын құжаттарды қоса бере отырып, МҚҰ/КС талабы негiзiнде жүзеге асырады.

34. МҚҰ/КС пайдасына кепiлдiк шарты бойынша ақы төлеудi кепiлгер кредит/микрокредит бойынша мерзiмiнiң өтуi туындаған сәттен бастап, күнтiзбелiк 180 (жүз сексен) күн өткен соң жүзеге асырады.

4-тарау. Комиссия төлеу шарттары

35. Комиссия мынадай шарттар сақталған кезде төленедi:

1) кепiлдiк туралы шарт жасалғаннан кейiн кепiлгердiң "электрондық үкiметтiң" веб-порталы арқылы ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ға (көрсетiлетiн қызметтi берушiге) осы Кредитер/микрокредитер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша комиссия алуға өтiнiм беруi;

2) комиссия көлемi тиiстi айға Қаржыландыру жоспарында көзделген бюджеттiк қаражат көлемiнен асатын өтiнiмдер бойынша комиссия төлеу, өтiнiм берiлген сәттен бастап кезектiлiк тәртiбiмен келесi айда жүзеге асырылады;

3) жобаларға кепiлдiк беруге бөлiнген бюджет қаражатының жетiспеушiлiгi пайда болған жағдайда, ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) микрокредит беру ұйымын және кепiлгердi ағымдағы қаржы жылы жобаларға кепiлдiк беру тоқтатыла тұратыны туралы хабардар етедi.

Комиссиялардың ұсыну процесiнiң сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ комиссияларды ұсыну ерекшелiктерiн ескере отырып, өзге де мәлiметтердi қамтитын комиссияларды алуға қойылатын негiзгi талаптардың тiзбесi осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 5-қосымшаға сәйкес "Микрокредиттерге кепiлдiк беру жөнiндегi комиссия" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартында баяндалған.

"Электрондық үкiметтiң" веб-порталы мен субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнiң өзара ақпараттық iс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес жүзеге асырылады;

4) субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде комиссия алуға арналған өтiнiмнiң тiркелуi;

5) субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде деректерi субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнiң "Заңды тұлғалар" немесе "Жеке тұлғалар" мемлекеттiк дерекқорларымен өзара ақпараттық iс-қимылы нәтижесiнде расталған кепiлгердiң жеке шотының болуы.

5-тарау. Комиссия төлеу тәртiбi

36. Веб-портал (бұдан әрi — "жеке кабинет") арқылы тiзiлiм деректерiне қолжетiмдiлiк беру үшiн:

1) Кепiлгер субсидиялаудың ақпараттық жүйесiне өздiгiнен тiркелу үшiн ЭЦҚ алады;

2) ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi), кепiлгер жыл сайын көрсетiлетiн қызметтердi жеткiзушiге ЭЦҚ-сы бар жұмыскерлердiң өзектендiрiлген тiзiмдерiн жолдайды.

37. "Жеке кабинетте" тiркелу үшiн кепiлгер мынадай мәлiметтердi көрсетедi:

1) бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, толық атауы; аты, әкесiнiң аты (бар болса), тегi және бiрiншi басшының жеке сәйкестендiру нөмiрi;

2) байланыс деректерi (почталық мекенжайы, телефоны, электрондық почта мекенжайы);

3) екiншi деңгейдегi банктiң ағымдағы шотының деректемелерi.

Жоғарыда көрсетiлген деректер өзгерген кезде, кепiлгер 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде "жеке кабинетiне" енгiзiлген дербес шотының деректерiн өзгертедi.

38. Комиссия алуға арналған өтiнiмдердi қалыптастыру және тiркеу "жеке кабинетте" мынадай тәртiппен жүргiзiледi:

1) субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнiң тексеруi үшiн қажеттi мәлiметтердi енгiзе отырып, комиссия алуға арналған өтiнiм қалыптастырылады;

2) комиссия алуға арналған өтiнiм кепiлгердмен ЭЦҚ пайдалана отырып қол қоюы жолымен субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде тiркеледi және ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) "жеке кабинетiнде" қолжетiмдi болады. Ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) электрондық мекенжайына қарауға комиссия алуға арналған өтiнiмнiң келiп түскенi туралы электрондық хабарлама жiберiледi.

Егер, ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) төлем шоттарын қалыптастырғанға дейiн тiркелген комиссия алуға арналған өтiнiмде деректердiң сәйкессiздiгi бары анықталса, кепiлгер керi қайтару себебiн көрсете отырып, комиссия алуға арналған өтiнiмдi керi қайтарып алады.

39. Ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) жауапты орындаушысы комиссия алуға арналған өтiнiм тiркелген сәттен бастап 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде тиiстi хабарламаға ЭЦҚ пайдалана отырып қол қою жолымен оның қабылданғанын растайды. Өздiгiнен тiркелу жағдайында аталған хабарлама субсидиялаудың ақпараттық жүйесiндегi кепiлгердiң "жеке кабинетiнде" қолжетiмдi болады.

40. Ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) Қаржыландыру жоспарына сәйкес субсидиялау ақпараттық жүйесiнде "Қазынашылық-клиент" ақпараттық жүйесiне жүктелетiн комиссия төлеуге төлем шоттарын комиссия алуға өтiнiм берiлгеннен кейiн 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде қалыптастырады.

41. Мемлекеттiк қызметтi көрсету нәтижесi осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша комиссияның аударылғаны туралы хабарлама не осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттiк қызметтi көрсетуден бас тарту туралы хабарлама болып табылады.

Мемлекеттiк қызметтi көрсету нәтижесi субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде тiркелген кезде кепiлгер көрсеткен электрондық пошта мекенжайына, сондай-ақ субсидиялаудың ақпараттық жүйесiнде кепiлгердiң "жеке кабинетiнде" жiберiледi.

42. Көрсетiлетiн қызметтi берушi Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесiне мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтi көрсету сатысы туралы деректердi енгiзудi қамтамасыз етедi.

43. Субсидиялау мынадай жағдайларда тоқтатылады:

1) заңды күшiне енген сот шешiмi бойынша кепiлгердiң шоттарына тыйым салу;

2) комиссияны алудан бас тарту туралы кепiлгердiң жазбаша өтiнiшi;

3) кепiлдiк шартын бұзу.

6-тарау. Мемлекеттiк қызмет көрсету мәселесi бойынша көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешiмдерiне, әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi

44. Мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) шешiмiне, әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағым ЖАО басшысының атына, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органға берiледi.

45. Кепiлгердiң шағымы Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес қаралуға жатады:

ЖАО — ол тiркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнi iшiнде;

мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган — тiркелген күнiнен бастап 15 (он бес) жұмыс күнi iшiнде.

ЖАО, мемлекеттiк қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөнiндегi уәкiлеттi органның шағымды қарау мерзiмi Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңның 25-бабының 4-тармағына сәйкес қажет болған жағдайда 10 (он) жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге ұзартылады:

1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергiлiктi жерге барып тексеру жүргiзу;

2) қосымша ақпарат алу.

Шағымды қарау мерзiмi ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау жөнiндегi өкiлеттiктер берiлген лауазымды адам шағымды қарау мерзiмi ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде шағым берген кепiлгерге ұзарту себептерiн көрсете отырып, шағымды қарау мерзiмiнiң ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткiзгiште берiлген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берiлген кезде) хабарлайды.

Мемлекеттiк қызмет көрсету нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, кепiлгер Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы заңның 4-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес сотқа жүгiнедi.

7-тарау. Мониторинг

46. Кепiлгер берiлген кепiлдер бойынша мынадай бағыттарда iшiнара мониторинг жүргiзедi:

1) МҚҰ/КС және/немесе қатысушы беретiн деректер мен құжаттар негiзiнде, сондай-ақ қатысушыға өз бетiмен барып алынған өзiнiң деректерi негiзiнде кепiлдiк шарты жасасылған қатысушыны мониторингтеу;

2) МҚҰ/КС беретiн деректер немесе өзге де сенiмiдi дереккөздер негiзiнде кәсiпкердiң төлем тәртiбiн мониторингтеу.

47. Мониторинг функцияларын жүзеге асыру үшiн кепiлгер қатысушы мен МҚҰ/КС-дан "Еңбек" бағдарламасы шеңберiнде мониторинг нысанасына қатысты қажеттi құжаттар мен ақпаратты сұратады, ал қатысушы мен МҚҰ/КС оларды бередi. Кепiлгер жобаны iске асыру орнына өзi барып, оның iске асырылуына мониторингтi жүзеге асырады.

48. Берiлген кредиттiң/микрокредиттiң мақсатсыз пайдаланылуы, "Еңбек" бағдарламасы шарттарының бұзылуы, осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларында және кепiлдiк шартында белгiленген талаптардың орындалмауы фактiлерi анықталған жағдайларда, кепiлгер кредиттiң/микрокредиттiң берiлген кепiлдiгiн жояды.

49. МҚҰ/КС қатысушы жобасын iске асыру мониторингiн жүзеге асырады, ол мыналардан тұрады:

1) ай сайын — ағымдағы мониторинг;

2) жыл сайын — МҚҰ/КС-ның iшкi құжаттарында белгiленген тәртiптегi және мiндеттi түрде жобаның iске асырылу барысы туралы ақпараттан тұратын (бизнес-жоспарға сәйкес) қатысушы жобасының iске асырылу барысының кеңейтiлген мониторингi.

50. МҚҰ/КС МҚҰ/КС қызметiн жүзеге асыруға қойылған шектеулердiң немесе тыйымдардың басталғаны, сондай-ақ меншiк құқықтарының бiр уақытта сатылуы немесе бiр уақытта ауысуы және/немесе МҚҰ/КС акцияларының/үлестерiнiң 10 (он) %-нан астамын иелену және пайдалану құқықтарының ауысуы туралы жазбаша түрде 3 (үш) жұмыс күнiнен кешiктiрмей хабарлайды.

51. Осы Кредиттер/микрокредиттер бойынша кепiлдiк беру қағидаларына 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жобаның iске асырылу барысының ағымдағы мониторингi туралы есептi МҚҰ/КС кепiлгерге есептi айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнiнен кешiктiрмей ай сайынғы негiзде жазбаша түрде ұсынады және кепiлгер айқындаған жауапты орындаушының электрондық мекенжайына қосымша жолдайды.

52. Кепiлгер МҚҰ/КС-ның есептерi негiзiнде ай сайын есептi кезеңнен кейiнгi айдың 3-iне дейiнгi мерзiмде ауылдық елдi мекендерде (олардың әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан) және шағын қалаларда берiлген кредиттер/микрокредиттер бойынша ақпаратты ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ға (көрсетiлетiн қызметтi берушiге) бередi.

Ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО (көрсетiлетiн қызметтi берушi) кепiлгердiң есептерi негiзiнде ай сайын есептi кезеңнен кейiнгi айдың 5-iне дейiнгi мерзiмде жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органға және уәкiлеттi органға ақпарат бередi, жартыжылдықтың және есептi жылдың қорытындылары бойынша ақпаратты есептi айдан кейiнгi айдың 10-ына дейiнгi мерзiмде бередi.

Уәкiлеттi орган ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi ЖАО-ның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) ақпараты негiзiнде ай сайын есептi кезеңнен кейiнгi айдың 10-ына дейiн халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға берiлген кепiлдiктер бойынша ақпарат бередi.

Мақаланың шыққан күні: 14.09.2020 17:29
Парақтағы соңғы өзгерістер: 14.09.2020 17:31

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2020 «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (7162) 90-30-01;

agricult@aqmola.gov.kz