A- A A+
«Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қағидалары

Жүктеу (DOCX 123 Kb)

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығы.

Ескерту. Қағида жаңа редакцияда — ҚР Ауыл шаруашылығы министрiнiң 17.07.2020 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары (бұдан әрi — Қағидалар) "Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1 тармағының 41) тармақшасына, "Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуiрдегi Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес (бұдан әрi — Заң) әзiрлендi және жергiлiктi бюджетте тиiстi қаржы жылына көзделген қаражат есебiнен және шегiнде бюджеттiк субсидияларды (бұдан әрi — субсидиялар) беру тәртiбiн, сондай-ақ, "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгiн және сапасын арттыруды субсидиялау" мемлекеттiк қызметтi көрсету (бұдан әрi — мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет) тәртiбiн айқындайды.

2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) арнайы комиссия — облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана деңгейiнде құрылатын, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының (бұдан әрi — "Атамекен" ҰКП) өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының, қоғамдық салалық одақтардың/қауымдастықтардың/республикалық палаталардың өкiлдерiнен және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органының құрылымдық бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi — жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi)) мамандарынан қалыптастырылатын және тауар өндiрушiлерде тиiстi инфрақұрылымның бары бойынша салыстырып тексерудi жүзеге асыратын комиссия;

2) арнайы шот — субсидиялар сомалары аударылатын қаржы институтының екiншi деңгейдегi банктегi шоты;

3) бордақылау алаңы — сыйымдылығы бiр уақытта кемiнде 1000 бас iрi қара мал/5000 бас ұсақ мал тұратын мамандандырылған алаңы бар және одан әрi бордақылау үшiн бұқашықтарды/қошқарларды сатып алуды жүзеге асыратын агроөнеркәсiптiк кешен субъектiсi;

4) еттi мал шаруашылығындағы оператор — сыйымдылығы бiр уақытта кемiнде 1000 бас болатын, асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды тауарлық және қоғамдық табындарға жалға берудi жүзеге асыратын, сондай-ақ одан әрi бордақылау үшiн бұқашықтарды сатып алуды жүзеге асыратын бордақылау алаңы;

5) қаржы институты — банктiк операцияларды жүзеге асыру құқығына лицензиялары бар қаржылық ұйымдар, сондай-ақ агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы лизингтiк компаниялар, кредиттiк серiктестiктер мен микроқаржылық ұйымдар;

6) қоғамдық табын — жеке қосалқы шаруашылықтардың мал басынан қалыптастырылған iрi қара мал табыны;

7) қой шаруашылығындағы оператор — саулық басы 3000 бастан басталатын, тауарлық отарларға асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды жалға берудi жүзеге асыратын, сондай-ақ одан әрi бордақылау үшiн еркек тоқтыларды сатып алуды жүзеге асыратын шаруашылық;

8) отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушi (бұдан әрi — тауар өндiрушi) — асыл тұқымды мал шаруашылығымен және (немесе) ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;

9) өтiнiм — тауар өндiрушiнiң субсидиялар алуға арналған электрондық өтiнiмi;

10) сатып алынған жануарларды мақсатты пайдалану — сатып алынған және субсидияланған жануарларды осы Қағидаларда көрсетiлген шарттар мен мерзiмдерде өсiмiн молайту мақсатында пайдалану;

11) селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қоры (бұдан әрi — САТЖАҚ) — уәкiлеттi орган "Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы" 1998 жылғы 9 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 34) тармақшасына сәйкес айқындаған оператор сүйемелдейтiн, жануарлардың табынын жетiлдiру және генетикалық әлеуетiн арттыру үшiн пайдаланылатын, асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектiлерiндегi асыл тұқымды жануарлар туралы және селекциялық процеске тартылған жануарлар туралы деректердi жинаудың, жинақтаудың және өңдеудiң автоматтандырылған жүйесi;

12) селекциялық және асыл тұқымды жұмысқа қатысатын аналық бас — табынның өсiмiн молайту үшiн пайдаланылатын, жыныстық жағынан жетiлген (мал шаруашылығы бойынша: асыл тұқымды жануарлар — 13 айдан бастап, тауарлық жануарлар — 18 айдан бастап, жылқы шаруашылығы бойынша — 36 айдан бастап, түйе шаруашылығы бойынша — 36 айдан бастап, қой шаруашылығы бойынша — 12 айдан бастап, марал шаруашылығы (бұғы шаруашылығы) бойынша — 24 айдан бастап, шошқа шаруашылығы бойынша — 8 айдан бастап) жануарлардың ұрғашы дарақтарының басы;

13) субсидиялаудың ақпараттық жүйесi (бұдан әрi — САЖ) — САТЖАҚ-тың кiшi жүйесi болып табылатын, субсидиялау процестерiн орындау жөнiндегi қызметтердi көрсетуге арналған, "электрондық үкiмет" веб-порталымен өзара iс-қимыл жүргiзуге, субсидиялар алуға арналған өтiнiмдi тiркеуге, сондай-ақ өтiнiмдi субсидиялау шарттарына сәйкестiгiне автоматты түрде тексеру арқылы оны өңдеуге мүмкiндiк беретiн, Интернет желiсiнде орналасқан ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетушi персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып, ретке келтiрiлген жиынтығы;

14) субсидиялауға арналған өтiнiмдердiң электрондық тiзiлiмi (бұдан әрi — тiзiлiм) — субсидиялауға арналған өтiнiмдер туралы, сондай-ақ қарыз алушылар, қаржы институттары туралы мәлiметтердiң жиынтығы және САЖ-да көрсетiлген өзге де мәлiметтер;

15) тауарлық табын/отар — iрi қара малдың/қойдың аналық басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзудi жүзеге асыратын шаруашылықтың немесе ауыл шаруашылығы кооперативiнiң мал басынан қалыптастырылған iрi қара мал табыны/қой отары;

16) тұқымдық түрлендiру — өсiмiн молайтуда асыл тұқымды тұқымдық жануарларды пайдалану жолымен аналық бастың тұқымдық және өнiмдiлiк сапаларын жақсарту;

17) шағылыстыру маусымы — ауыл шаруашылығы жануарларының өсiмiн молайту кезеңi;

18) "электрондық үкiметтiң" веб-порталы — нормативтiк құқықтық базаны қоса алғанда, бүкiл шоғырландырылған үкiметтiк ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтерге, табиғи монополиялар субъектiлерiнiң желiлерiне қосуға техникалық шарттарды беру жөнiндегi қызметтерге және квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң қызметтерiне қол жеткiзудiң бiрыңғай терезесi болатын ақпараттық жүйе;

19) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрi — ЭЦҚ) — электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесiлiгiн және мазмұнының өзгермейтiндiгiн растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.

3. Субсидиялау осы Қағидаларға 1-қосымшада белгiленген субсидиялау бағыттары мен нормативтерiнiң тiзбесi бойынша жүзеге асырылады.

Субсидияларды төлеу берген сәтте осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетiлген субсидияларды алуға үмiткер тауар өндiрушiлерге қойылатын өлшемшарттарға (бұдан әрi — өлшемшарттар) сай келетiн, берiлген өтiнiмдер негiзiнде жүзеге асырылады.

4. Субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдерi бар жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) қаулысын жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) тиiстi жылдың 20 қаңтарынан кешiктiрмей Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне (бұдан әрi — Министрлiк) мемлекеттiк органдардың интранет-порталы арқылы келiсуге жолдайды.

Субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдерi мемлекеттiк және үкiметтiк бағдарламалардың басым мақсаттары мен көрсеткiштерiне сәйкес айқындалады.

5. Министрлiк ұсынылған субсидиялау көлемдерiнiң мемлекеттiк және үкiметтiк бағдарламалардың мақсаттары мен көрсеткiштерiне сәйкестiгiн бес жұмыс күнi iшiнде қарастырады.

Оң шешiм болған жағдайда, Министрлiк жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) қаулысының жобасына тиiстi жылдың 25 қаңтарынан кешiктiрмей келiседi. Терiс шешiм болған жағдайда, Министрлiк уәждi негiздеменi тиiстi жылдың 25 қаңтарынан кешiктiрмей жолдайды.

Жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) пысықталған қаулы жобасы Министрлiкке қайта келiсуге тиiстi жылдың 30 қаңтарынан кешiктiрiлмей берiледi.

6. Субсидиялар көлемдерi осы Қағидалар қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде және одан кейiн жыл сайын 5 ақпаннан кешiктiрiлмей, жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) қаулысымен бекiтiледi.

Қаулы бекiтiлгеннен кейiн жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) 2 (екi) жұмыс күнi iшiнде оны САЖ-да және өз ресми интернет-ресурсына орналастырады.

7. Жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруды субсидиялау жөнiндегi ай сайынғы қаржыландыру жоспарын (бұдан әрi — Қаржыландыру жоспары) бекiткеннен кейiн 3 (үш) жұмыс күнi iшiнде оны САЖ-ға орналастырады.

8. Субсидиялау бағыттары арасындағы сомалар өзгерген жағдайда жергiлiктi атқарушы органның (көрсетiлетiн қызметтi берушiнiң) қаулысына осы Қағидалардың 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген тәртiппен тиiстi өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзiледi. Бұл ретте мемлекеттiк және үкiметтiк бағдарламалардың мақсаттары мен көрсеткiштерiне сәйкес басым бағыттар бойынша субсидиялар көлемдерiн қысқартуға жол берiлмейдi.

2-тарау. Субсидия алушылар

9. Субсидиялар тауар өндiрушiлерге төленедi.

3-тарау. Субсидия алу шарттары

10. Субсидиялар мынадай шарттар сақталған жағдайда төленедi:

1) "электрондық үкiмет" веб-порталының САЖ-бен өзара iс-қимылы арқылы электрондық түрде:

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 1-нысан бойынша iрi қара малдың асыл тұқымды аналық басын (сүттi, сүттi-еттi, еттi және еттi-сүттi тұқымдар), отандық еттi және еттi-сүттi асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды, шығу тегi асыл тұқымдыға сәйкес келетiн iрi қара малдың импортталған аналық басын, асыл тұқымды қойларды, өнiмдi бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық айғырды, асыл тұқымды тұқымдық түйенi, шошқалардың асыл тұқымдық басын, ешкiлердiң асыл тұқымды аналық басын, еттi бағыттағы ата-енелiк/ата-тектiк нысандағы асыл тұқымды тәулiктiк балапанды және асыл тұқымды құстардан алынған жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы тәулiктiк балапанды сатып алып үшiн субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 2-нысан бойынша табынның өсiмiн молайту үшiн пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық бұқаларды күтiп-бағу үшiн субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 3-нысан бойынша тауарлық отардың өсiмiн молайту үшiн пайдаланылатын асыл тұқымды тұқымдық қошқарларды күтiп-бағу үшiн субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 4-нысан бойынша шаруа (фермер) қожалықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерiнде iрi қара малдың аналық басын, сондай-ақ шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерiнде қойлардың аналық басын қолдан ұрықтандыру жөнiндегi көрсетiлген қызметтер үшiн субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 5-нысан бойынша iрi қара малдың тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 6-нысан бойынша iрi қара малдың асыл тұқымды аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 7-нысан бойынша қойлардың асыл тұқымды аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 8-нысан бойынша қойлардың тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 9-нысан бойынша маралдардың (бұғылардың) аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 10-нысан бойынша балара ұяларымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 11-нысан бойынша шошқалардың аналық және шошқа басын толықтыратын басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргiзуге субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 12-нысан бойынша сүттi және сүттi-еттi тұқымды асыл тұқымдық бұқалардың бiр жынысты және қос жынысты ұрығын сатып алу үшiн субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 13-нысан бойынша iрi қара мал мен қойлардың эмбриондарын сатып алу құнын арзандату үшiн субсидиялар алуға ;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 14-нысан бойынша құс етiн (құс етiн, күркетауық етiн, суда жүзетiн құс етiн), тағамдық жұмыртқаны (тауық жұмыртқасын), сүттi (сиыр сүтi, бие сүтi, түйе сүтi) өндiру, сондай-ақ iрi қара малды союмен және етiн бастапқы өңдеумен айналысатын ет өңдеушi кәсiпорындардың сиыр етiн дайындау құнын арзандатуға субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 15-нысан бойынша сыйымдылығы бiр уақытта кемiнде 1000 бас iрi қара мал /5000 бас қой бордақылау алаңдарына бордақылау үшiн немесе тәулiгiне кемiнде 50 бас iрi қара мал/ тәулiгiне кемiнде 300 бас қой соятын ет өңдеушi кәсiпорындарға өткiзiлген немесе ауыстырылған бұқашықтардың/қошқарлардың құнын арзандатуға субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 16-нысан бойынша ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға субсидиялар алуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 17-нысан бойынша арнайы шотқа субсидиялар аударуға;

осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 18-нысан бойынша iрi қара малдың/қойлардың импортталған асыл тұқымды аналық басын немесе шығу тегi асыл тұқымдыға сәйкес келетiн iрi қара малдың импортталған аналық басын сатып алу үшiн тиесiлi субсидияларға өтiнiмнiң берiлуi;

2) берiлген өтiнiмнiң САЖ-да ЭЦҚ-ны пайдалана отырып тiркелуi;

3) өтiнiмнiң осы Қағидаларға 2-қосымшада белгiленген өлшемшарттарға сәйкес келуi.

Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнiм сапасын арттыруды субсидиялау" мемлекеттiк көрсетiлетiн қызмет стандартында баяндалған субсидияларды беру процесiнiң сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесiн, сондай-ақ субсидияларды беру ерекшелiктерiн ескере отырып, өзге де мәлiметтердi қамтитын субсидиялар алуға қойылатын негiзгi талаптар тiзбесi.

Жергiлiктi атқарушы орган (көрсетiлетiн қызметтi берушi) Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттiк қызметтер көрсету мониторингiнiң ақпараттық жүйесiне субсидияларды алу сатысы туралы деректердi енгiзудi қамтамасыз етедi.

"Электрондық үкiмет" веб-порталы мен САЖ-дың ақпараттық өзара iс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес сәйкес жүзеге асырылады.

11. Тауар өндiрушiлер субсидия алуға өтiнiм берер алдында САЖ-да деректердi толтырады:

1) өткен жылдың қорытындысы бойынша статистикалық есепке сәйкес мал шаруашылығы өнiмiнiң жалпы өндiрiсi;

2) статистикалық есепке сәйкес еңбек өнiмдiлiгi;

3) ауыл шаруашылығы жануарлары жайылымдарының жалпы алаңы және мал басы.

Мақаланың шыққан күні: 17.08.2020 16:49
Парақтағы соңғы өзгерістер: 17.08.2020 16:50

egov.kz - мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайн

@2020 «Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ
Яндекс.Метрика

Телефон:

Электрондық пошта адресі:

8 (7162) 90-30-01;

agricult@aqmola.gov.kz